Мен автобус жүргіздім…

…Нақтырақ айтқанда жүргізгендей болдым… Бүгін қала орталығындағы дүкендердің бірінен шығып, №127 автобусқа жайғастым. Неге екенін қайдам, реті келсе жүргізушінің арт жағындағы алдыңғы орындыққа отыруды әдетке айналдырып алыппын. Осы жолы да сөйткенмін, жолдың жартысына жеткенде жасы үлкен тәтеге орын бердім. Сәлден соң, жүргізушінің жанында кондуктор отыратын ағаш орындықты байқап ,жанына отыруға рұқсат сұрадым. Күректей қолдарымен дә-ә-әу рульді шыр айналдырған көкем басын изеді. Абажадай көліктің алдыңғы жағында, шопырдың жанында автобусты өзім жүргізгендей сезімде келемін. Бағдаршамда қызыл түс жанса, жүргіншілерге «жол беремін», жасыл түс жылт еткенде «алға қарай жылжимын». Міне, кішігірім Эйфель, төбесінде көгілдір туы желбіреген қала әкімшілігінің ғимараты, Орталық Мұражай… «Рамсторға» жеткенде алдын-ала төлеп қояйын деп қалтамдағы тиын-тебенімді жүргізушіге ұсындым. 25 теңгеге бажайлай қараған ол «Студенческий» деп гүр етті. Жалма-жан сөмкемнен билетімді алып көрсеттім. «Мынау сен бе?» Ағам кеңк-кеңк күлді. Оның күлетіндей реті бар, билетіме аңдаусызда оқушы кезімде үлке-е-ен ақ бантикпен түскен суретім жапсырылып кеткен еді. Бірер секундтан соң арамызда диалог басталды. – Осы жұрттар студенттерді бай дейді… – … – Неге олай айтады деп сұрамаймысың? – Неге екен? – Өйткені, олар студенттік билеттерін көрсетпейді! Ағам мәз болып, ішегі үзілгенше күлді. Мен де еріксіз езу тарттым(Кейде әңгімелесіп отырған адамың ыңғайсызданып қалмас үшін ол жыласа жылап, күлсе қосыла күліп, ығына жығылуға тура келеді). – Сен ренжіме, қызым! Ара-тұра қалжың айтып, өзімізді осылай сергітпесек, ешкім біздің көңілімізді ауламайды. Таңғы 5-тен кешкі 9-ға шейін 16 сағат рульде отырамын. Қу тірлік… Әжім торлаған жүзіне бір сәт мұң ұялай қалды. Үндей алмадым(Мұндай сәтте үнсіздік жақсы). – Әй, осы студенттерді қойсаңшы! Сендерге Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің құжатын беріп қойса, кердең басып, итеріп өтетін шығарсыңдар бізді… Тағы да күлкі… Бірақ, риясыз күлкі… – Байсыңдар ғой сендер! – Бай болсам, мен автобуспен жүрмес едім ғой. (Баяғыда бір кедей жылап отыр дейді. Сөйтсе оны жолдасы «Жарығым-ау, қойсаңшы, бай екеш байлар да жылайды ғой» деп жұбатыпты. Көз жасын бір сығып алған кедей «Автобуста жылағанша, «Джипте» отырып жылаған «приятно» емес пе?» деп одан ары еңірей түскен екен. ) – Сонда, сеніңше, автокөлікті тек байлар ғана міне ме? – Жоға, қазір ол қажеттілік қой. Бірақ ашқарын студентке шыр бітсе әуелі көлік сатып алады деп ойлаймын. – Сен көлік жүргізе аласың ба? – Ептеп… Жолда тас жатыр ма, темір жатыр ма, қарамаймын, тарс етіп табанына тигенде барып «қап!» деймін. – Еее, онда жүргізіп қарқ қылмассың қазір. Одан да алдымен үй сатып ал! Осы кезде автобус «Ғайыптан тайып зілзала орын ала қойса(Алла сақтасын!) құлап қалу қаупі бар» деп «диагноз» қойылған «Jw Marriot» ғимаратына таяп қалған еді. – Маған үйдің не керегі бар? Баймын ғой. Мына ғимаратта тұрамын. Енді мен қалжыңға бастым. Ағам балаша мәз болды. – Автобустың алдында патша құсап отырып келгенің үшін тағы тиын төлейсің! – Ой, аға, қойыңызшы! – Кеше естігем, «ҚазҰУ қалашығы» деген аялдамаға тоқтамаңдар!» деген заң шығыпты. – Ендеше мен секіріп кетемін! – … Өзің қай жақтансың, қызым? – Қызылорда. – Жоқ, еліңді айтам… – Ааа, мен Әлімнің қызымын (Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін дегенді құптаймын негізі). – Ұлы жүз, Албан, оның ішінде Ақкүшік дегенді естіп пе едің? – Албанды білемін. Ал Ақкүшікті бірінші рет естіп отырмын. – Менің руым сол, ендеше. – Ааа, жақсы екен. Аға, тоқтаңызшы осы жерден! – Жарайды! Ақ жол, айналайын! – Сіздің де жолыңыз болсын! Мені ойландырып тастаған екі нәрсе болды: Ара-тұра қалжың айтып, өзімізді осылай сергітпесек, ешкім біздің көңілімізді ауламайды. Неге екен?..Үнемі ойландырып тастайтын осы тақырып тағы да алдымнан шықты. Ақ жол, айналайын! «Айналайынды» естімегелі(әке-шешемнің телефон арқылы айтқанын есепке алмағанда), маңдайдан ешкім сипамағалы (тура мағынасында) көп болыпты…

This entry was posted in Uncategorized. Bookmark the permalink.

1 пікір | Мен автобус жүргіздім…

  1. Pingback: ҚАЗЖУР: студенттердің блогтары. АРБ! « Өрімтал

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Connecting to %s